«Тереңсай жалпы орта білім беретін мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
тарихы
Тың игеру жаңа ел-жұртты өмірге алып келді. Ырғыз жерінде тың алыптары «Псковский», «Северный» совхоздары 1954 жылы құрылып, екеуі 1955 жылы 100 мың гектар тың жерді көтерді. Тыңға алғашқы келгендердің көпшілігі жас отбасылар еді. Жастар легі 1956-1959 жылдар аралығында Комсомолдың шақыруымен, жолдамамен келгендер болатын.
Тың совхоздары ішінде мектеп алдымен осы «Северный» совхозында ашылды. 1955-1956 оқу жылында ашылған бастауыш мектепте 20-ның үстінде оқушы болды. Келген тыңгерлердің ішінде мұғалімдері де болатын. Мұғалімдері болып Чистова В.Н, Зиновьева М.Н. деген азаматшалар еңбек етті. Совхоз алғашқы салынған бір пәтерлік үйді мектепке берді. «Северный» совхозына бөлімше етіп «Жаңадәуір» колхозын қосып берумен байланысты совхоз орталығына жергілікті қазақтар да келе бастады. Сөйтіп, 1958-1959 оқу жылынан бастап орталау мектеп ашылды, оның алғашқы кластары түгел болған жоқ. Орыс-қазақ кластары қатар аралас оқыды. Орталау мектептің алғашқы директоры Досмұратов Сұлтан болды. Оған материалдық базасы жоқ жерде жұмыс істеу оңай болған жоқ, сол қиындықты бастан кешіріп, мектепті әрқайсысы 4 пәтерлік 2 тұрғын үйге көшірді. Мектеп мұғалімдерінің көпшілігі жергілікті азаматтар болды.
«Северный» совхозы құрылысы бір орталыққа жинақталған ірі совхоз болатын. Екі қабатты мектеп үйі құрылысы басталғанымен, түрлі себептермен бітіру жағдайы бола қойған жоқ еді. Ал 1960 жылдан Ырғыз ауданының совхоздары Қарабұтақ ауданының қарамағына қаратылды. Бұл жағдай қай саланың адамына да жүріс, қатынас айналысын жеңілдетті. Мектеп жұмысының аралас-құраластығы да Қарабұтақ ауданының аясына тез сіңісіп кетті. Жұмыс нәтижесі де өз бағасын лайықты алып жатты. Досмұратов Сұлтан 1962 жылы аудан орталығындағы Қарабұтақ орта мектебінің директоры болып жоғарылатылды.
Северный орталау мектебінің болашағы – орта мектепке айналуы ауданның перспективалық жоспарында тұрды. Сұлтан Досмұратовтан кейін мектеп директоры болып 1962 жылы Еламанов Қапаз тағайындалды. Ал 1963 жылы мектеп орыс-қазақ кластары бар аралас орта мектепке айналдырылды. Северныйға іргелес «Восточный», «Жаңадәуір», «Псковский» совхоздарының орталау мектептерінің бітірушілері Северный орта мектебінің микроауданына жатқызылып, олардың балалары Северный орта мектебінде оқытылды. Мектепте бала саны 550-дің үстінде болды. Оларды 40-тан астам мұғалімдер құрамы оқытты. Мектеп мұғалімдері білім сапасы мен іскерлігі жағынан тамаша жұмыскер азаматтар болды. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу тығыз ұштастырылып жүргізу ұстанымы әр мұғалімнің алдына қояр мұратына айналды. Олардың талай игілікті істері республикалық, облыстық басылымдарда жария болды. Сондай материалдың бірі – Ақтөбе облыстық халық-ағарту бөлімінің меңгерушісі Н.Беріковтың «Қазақстан мектебі» журналының 1965 жылғы желтоқсан айындағы санында жарияланған «Мектеп жұмысына басшылықты жетілдіре түсеміз» деген материалында: Северный орта мектебі коллективінің үлгілі-өнегелі істері тек Қарабұтақ ауданына ғана емес, облысымыздың басқа аудандарына да әйгілі. Өйткені, оқу-тәрбие жұмысына педагогикалық басшылық және бақылау жасау мұнда да жоспарлы түрде және жоғары дәрежеде жүргізілетіндіктен бұл мектептің ұжымы да жылдан жылға жоғары көрсеткіштерге жете бастады. Мектеп басшылары мұғалімдердің күнделікті сабақтарымен қатар, класс жетекшілерінің тәрбие сағаттарына да, әртүрлі үйірмелер мен әдістемелік секциялардың отырыстарына да үнемі қатысып, олардың жұмысында байқалған кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, тікелей басшылық жасап отырады. Ағымдағы жұмыстың іс жүзіне қалай асырылып жатқанын байқау үшін аптасына бір рет мектеп директоры жанында арнайы отырыс өткізіледі, ал оқушылардың дәптерлері мен күнделіктері, сол сияқты класс журналдары екі аптада бір рет тексеріледі. Жұмыстың мұндай түрлерін мектеп басшылары алдыңғы қатарлы мұғалімдердің іс-тәжірибелерін жинақтап қорыту және оларды басқалардың жұмыс жүйесіне енгізу сияқты істермен ұштастырылып отырады.
Кабинет жүйесі бойынша жұмыс істейтін бұл мектептің педагогикалық ұжымы оқушы қыздар арасында жүргізілетін тәлім-тәрбие жұмысында жоғары дәрежеде іс жүзіне асырып келеді. Міне, сол себепті де Северный орта мектебінің түлектері ауданның барлық оқушы қыздарын «екілік» бағасыз оқуға, оқуда да, еңбекте де, тұрмыста да үлгі-өнеге көрсетуге шақырып, арнайы үндеу қабылдап отыр»- деп жазды.
Осындай жоғары дәрежедегі жұмысы бар мектепті 1966 жылы 55 оқушы бітіріп, оның 70% жоғары оқу орындарына түсті, қалғаны еңбекке орналасты. Бұлар мектептің алғашқы түлегі болғандықтан болар, олардың кім болып, қайда жүргендерін ұстаздардың көбі тілектестіктен сұрастырып, оларды еске алып жүретін. Соның бірі мектептің бұрыңғы директоры Еламанов Қапаз партия, совет жұмысына әлдеқашан ауысып кетсе де, тың игерудің 30 жылдығына орай 1984 жылы «Жұлдыз» журналының №3 санында «Тың ұстаздары» деген естелігі басылды. Автор осы материалды кеңейтіп, кейін «Ұстаздың мұраты» деген естелік жазды. Сол естелігінен кішкентай үзінді келтіре кетсек: «80-ші жылдары тың еліндегі қонысым Комсомол ауданына сағынышпен барғанымда «Тыңда қызмет істедім» деген мақтанышымнан гөрі, қуанышымды басым етті. Өйткені тың игеріліп қана қоймай, әбден меңгерілген. Меңгеріп отырған біздің сол кездегі түлектеріміз екен. Олардың арасында абыройлы іс тындырып жүретіндері ішінде Северный орта мектебінің алғашқы түлектері: Виктор Балманов, Абылай Қыңыртаев, Леонид Юрцев, Ғазиз Құндақбаев, Владимир Сальников, Зинаида Пинаева, Кенжеғали Ешімбетов, Қуандық Баешев, Петр Пугачев, Кампит Ерімбетова, Рыскүл Калданова, Тұрған Ильясов, Кіндікбай Шматов, Галина Твардовская, Ақан Ермағанбетов, Лиза Жұбанышева, Ұмытқан Амандықова, Теңелбай Бексапин, Валерий Степочкин, Береке Құсайынов, Сағынғали Жұмаханов, Айнагүл Төлебаева, Амангелді Тәмпішев, Нұралы Асанов, Бейбіт Аймтмағанбетов, Байғазы Еркебаев, Любовь Степочкина, Бәтима Бүркітбаева, Райса Ұзақова, Николай Стоянов, Айзада Кеулова, Нағашыбай Кәдірбеков, Жақсыбек Күнтуғанов, Валерий Сидоренко, т.б. осындай шәкірттеріммен көріскенде, қатты қуанысып қалып жүрдік» - деп сағынышпен жазған екен.
Кез келген мектеп жұмысы тың игерушілердің талабын қанағаттандыра алмайтын еді. Өйткені, тың адамдары – біздің еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе, Ресейдің орталық облыстары мен Украина, Белоруссия мен Прибалтика мектептерінің жан-жақты жақсы жұмыстарын көріп келгендер болатын. Сондықтан да олар баланың тәрбиесі мен оқуына немқұрайлы қарамады. Мектеп жұмысына, бала тәрбиесіне өздері белсене араласып, тиісті қызмет адамдарына да талап қойып отырды. Осыған Северный орта мектебінің жұмысы да сай бола алды.
60-шы жылдардың бас жағында республикамызда балаларды адамгершілік (коммунистік) рухта тәрбиелеу ісінде тамаша бастамалар болды. Осы бастама мектеп тұрған «Северный» совхозында да үлкен қолдау тауып, жұртшылық бір кісідей бала тәрбиесіне жұмылдырылған болатын. Бала тәрбиесімен мұғалімдер, ата-аналар қауымы, еңбек ұжымдары түгелдей айналысты. Тың игерушілер ішінен спорттан, музыкадан, көркем өнер мен өнер жанрларынан балалардың таланттарын ұштауда, олардың жан-жақты ықылас қызықтауына қарай мектептен тыс тәрбие жұмыстарын қолға алушылар да табылды. Совхозда бала тәрбиесі мәселесінен ешкім де тыс тұра алмады. Өйткені, бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық тәрбие кеңесі жұмысты шын мәнінде қолға алған еді.
Мектепте еңбек тәрбиесі басты орын алды. Пайдалы қоғамдық еңбекпен айналыспаған бір бала, бірде бір класс ұжымы болған жоқ. Оқушылардың күшімен атқарылған істер нәтижесінде мектептің іші-сырты гүл жайнатылды. Мектеп тәжірибе участогі мен теплицасы жасайтын жұмыс орнына айналды. Сонымен қатар, мектепте «Жас құрылысшылар», «Жас ас пісірушілер», «Жас диқаншылар» сияқты балалардың микро-еңбек топтары құрылып, олар өз аттарына сай жұмыстарды атқарысуға совхоздағы өндіріс учаскелері мен бригадаларында болып жүрді. Өндірістегі еңбек ұжымдары да оларға шефтік қамқорлығы мен кеңестерін аяған жоқ. Нәтижесінде мектеп балаларының арасында түрлі наградалар мен сыйлықтарға ие болғандары да болды. Сондай-ақ, мектепте оқушы балалардың өзін-өзі басқару желілері де дамытылып, пионер ұйымдары мен оқушылар комитеті осыған орай біраз жұмыстар жасады. Соның нәтижесінде «Сатушысыз киоск», «Милицияның жас достары», «Совет Армиясының жас достары» деп аталатын жүйелер, оқушы балалар арасында қызмет көрсетті. Мектептің жоғарғы кластары арасынан «Класс жетекшісіз кластар» ашыла бастады. Осылардың бәрі балалардың қоғамдық пайдалы істе белсенділігін көтеріп, алға қойған істер әр оқушының жауапкершілігін сезіндіріп отыруға себепші болды. Сөйтіп, оқушылар қауымы дербестікке, саналы еңбек етуге, өзін-өзі басқару арқылы адамгершілікке тәрбиелене бастады.
Ақтөбе облысының село мектептері жағдайында Северный орта мектебі оқытудың кабинеттік жүйесіне көшіп, оқыту сапасы жетілдіре бастады. Бұл мұғалімдерді оқыту мен тәрбиенің проблемасымен айналысып, ұдайы ізденіс жағдайында өздерінің мамандық дәрежелерін ұштай берулеріне мүмкіншілік туғызып, ынталандыра түсті. Осындай мектепте тындырылған игілікті істердің нәтижесінде, оқушы балалардың тәрбиелілігімен бірге, сабақ үлгерімінің сапасы да артты. Мектеп балалардың екінші жылға орнында қалушылығын жойды. Оқушылардың басым көпшілігі «төрттік», «бестік» бағаларына оқитын болды. Северный орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары атқарған оқу-тәрбие істері сапаланып, жағымды жағынан облыс мектептері арасында беделді бола бастады. Бұл мектепте – Ә.Дандаев, С.Садовниченко, Ә.Қоңтаев, Н.Сейтқасымов, Л.Нестерева, Н.Ешмұратов, В.Дерябин, С.Тұрғанбаев, З.Бармақова, Ә.Назарбеков, В.Никешина, К.Шолақов, С.Веткина, В.Веткин, С.Маханов, А.Курсакова, Ш.Көрпебаев, В.Чистова, З.Турин, Ж.Алдашев, т.б. мұғалімдер қоғамдық істегі ынтасымен жұртшылыққа танылған, оқушы балалардың сүйікті ұстаздары болды.
Мектепте барлық істің тетігін шешетін мұғалімдер. Ал, оларды келелі істерге дұрыс бағыттай білу ешкімге байланысты.
Мектептің жоғарыда аталған жұмыс көрсеткіші оқу-тәрбие ісіндегі алғашқы жылдардағы қалыптасқан жақсы жағдай еді. Мектеп ұжымының мұндай абыройы мектептің беделін өсіре түсті. Мұғалімдердің біразы әртүрлі деңгейдегі марапаттауларға ие болып жатты. «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен мектепте алғаш рет 1961 жылы Сейтқасымов Нұрділда, 1965 жылы Дандаев Әлихан наградталды. Басқа наградталғандар да баршылық болды.
1966 жылы Қарабұтақтан бөлініп Комсомол ауданы құрылды. Осы аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне Еламанов Қапаз қызметке алынды. Осыдан кейін де Северный орта мектебінің директорлық корпусына тамаша педагогтер келді. Олар: Садовниченко С.А. (1966-1968), Сейтқасымов Н. (1968-1972), Оспанов З. (1972-1982), Жұмаханова А. Ж. (1989-1992), Сүтемгенов С.С. (1992-1996), Жұмаханова А.Ж. (1996-2006), Жарымбетов Қ. (2006-2010), Бекназарова Ш.С. (2010-2015), Кобиланов Р.Ж. (2015ж). Олар осы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде мектептің абыройын тайдырмай, алғы қалыптасқан дәстүрлі істерін әр директор өзіндік стилімен ұйымдастырып, оқу-тәрбие жұмыстарын уақыт талабына сай, жаңа сапаға көтеріп жатқандарында күмән жоқ.
Мемлекет басшысының ономастикалық атауларды ретке келтіріп, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру тапсырмасын орындау мақсатында 2018 жылы мектеп атауы «Северный орта мектебі» атауынан «Тереңсай орта мектебі» атауына өзгертілді.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел болашағы екенін ескерсек, оларды жастайынан білім мен ғылымға, мәдениеттілікке ден қойып, бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп өсіру маңызды міндет.
Мектеп – келешек білім білігі толысқан жасампаз ұрпақ тәрбиелейтін киелі шаңырақ. Ал мектептің негізгі тірегі – білімді, білікті ұстаз. Осы салада талап пен міндеттердің оң шешімін табуы, жетістіктерге қол жеткізу, әр оқушының жеке тұлға болып қалыптасуы мұғалімдер қауымының ерен еңбегі. Бүгінгі күні біршама жетістікке жеткен, оқушылары түрлі додаларда топ жарған мұғалімдер қатары да жеткілікті. Олар дарынды, қабілетті, талантты оқушыларды оқу әрекетіне машықтандырып, шығармашылық қабілеттерін айқындап, түрлі деңгейдегі сайыстарға, байқауларға қатыстырып, топ жарып шығуына, жеңіс тұғырынан орын алуы үшін еңбектенеді.
2018-2019 оқу жылы «Менің кіші Отанымның тарихы» атты жас тарихшылардың республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 9-кластың 4 оқушысы тарих пәнінің мұғалімі А.Ертуганованың жетекшілігімен қатысып, жүлделі орындармен оралды. «Менің кішкентай Отанымның тарихы» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болған Ршманова Мөлдір, «Менің кішкентай Отанымның символы» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болған Жаксылыкова Аружан, «Менің туған өлкем» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болған Нурабекова Альбина және «Менің Отанымның болашағы» номинациясы бойынша қатысқан Мейрамбекұлы Жансерік мақтау қағазымен марапатталды.
ҚР Ұлттық Банкінің Ақтөбе филиалы Ұлттық валюта – теңгенің 25 жылдығы шеңберінде ұйымдастырған облыстық «Теңге балалар көзімен» балалар суретінің ашық конкурсында «Банкнотты үздік бейнелеу» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынға 6 класс оқушысы Талғатұлы Салауат /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./, ІІ орын 6 класс оқушысы Саржанова Жания /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жалгасбаев Т.Т./ және 3 класс оқушысы Назар Тамерлан мақтау қағазымен және сыйлықтармен марапатталды /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./ .
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 10 класс оқушысы Орынбеков Шерхан «Орыс әдебиеті» секциясы бойынша қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аймбетова Г.Ч./.
«Өрлеу» БАҰО АҚ Ақтөбе қаласындағы ПКБАИ ұйымдастырған «Ұстаз – шәкірт мақтанышы» тақырыбындағы облыстық конкурсына өздерінің бастамашыл озық ойларымен шығармашылық үлестерін қосып, қатысқаны үшін 8-класс оқушысы Сейілбекова Аида, 7 класс оқушысы Спан Гаухар алғыс хаттармен марапатталды /жетекшісі тәлімгер Маханбет С.Т./.
Республикалық Мағжан Жұмабаев оқуларының облыстық кезеңінде шығармашылық қабілетін танытып, «Өлең – менің шолпаным, айым, күнім» бағыты бойынша ақынның мұраларына деген сүйіспеншілігін жоғары дәрежеде көрсете білгені үшін 9 класс оқушысы Нурабекова Альбина І орынды иеленді /жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің Каласова У.Ж./.
Жалпы білім беретін мектептердің 7-8 класс оқушыларына арналған кіші олимпиаданың аудандық кезеңінен физика пәнінен 8 класс оқушысы Заирова Назерке І орын иегері атанып, облыстық кезеңнен жүлделі ІІІ орынға ие болды /жетекшісі физика пәнінің мұғалімі Жумашева Г.С./.
«Рухани қазына» бағдарламасы бойынша «Дала фольклоры мен қазынасының мың жылы» арнайы жобасына қатысып, бейнелеу өнерінде қазақ ертегілері кейіпкерлерінің бүгінгі күнгі нұсқасын жасауда ойының ұшқырлығы және суретті шебер үйлестіре білгені үшін 8-класс оқушысы Тлеужан Данияр ІІ орынды қанжығасына байлады /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
2019-2020 оқу жылында Ақтөбе қаласында өткен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Рухани жаңғыру бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыру» негізінде «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы жалпы білім беретін мектептер мен облыстық білім беру ұйымдарының арасында өткізген «Тұлпар мініп ту алған» тақырыбында облыстық көркемсурет байқауына 5-11кластың оқушылары көркем еңбек пәнінің мұғалімі С.А.Назаровтың жетекшілігімен қатысып, нәтижесінде 7 класс оқушысы Сарсенбай Айбек жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының көркем сурет бөлімдерінің және қосымша білім беру ұйымдары оқушыларының арасында «Болашақ ұрпаққа мәдени мұраны сақтау» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауына көркем еңбек пәнінің мұғалімі С.А.Назаров жетекшілігімен қатысқан 10 класс оқушысы Мейрамбекұлы Жансерік ІІІ орынға ие болды.
Кіші ғылым академиясының 24-ші облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясында орыс тілі пәнінен қатысқан 10 класс оқушысы Мирамбекұлы Жансерік ІІІ орынға ие болды /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аймбетова Г.Ч./, биология пәнінен 8 класс оқушысы Кажыгалиева Аружан мақтау қағазымен мараптатталды / жетекшісі биология пәнінің мұғалімі Жангаблоува Т.С./.
«Жасыл планета», «Мен жануарларды жақсы көремін» тақырыбында өткізілген облыстық балалар сурет байқуында шығармашылық қабілеттерін жоғары дәрежеде көрсетіп, ІІ орын иеленген 3-класс оқушысы Жаксылыкова Еркеназ /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./, 1-класс оқушылары Жаксылык Сержан, Серікбай Мадияр /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Нағашыбайқызы А/, 8-класс оқушылары Найзабекқызы Меруерт, ІІІ орынға ие болған 8-класс оқушылары Азаматқызы Аружан, Тұрған Мұстафа, Тұрған Фатима /жетекшілері көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Назаров С.А., Идирова Н.Ж./, 4-класс оқушысы Әлібекова Инабат /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Баймұратқызы Б./, 3-класс оқушылары Қиязбай Дария, Талғатбекқызы Шынбақыт, Кадырхан Айдын /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./, 1-класс оқушылары Жанаберген Дана, Сейілбекұлы Бағдаулет /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Нағашыбайқызы А./.
Жалпы білім беретін мектептердің 5-6 класс оқушылары арасында өткізілген «Достық-2020» облыстық кешенді олимпиадасында 5-класс оқушысы Сәлім Айымай өз білімін жоғары дәрежеде көрсетіп ІІ орынға ие болды.
«Қағаз әлеміндегі өнер» облыстық байқау-көрмесіне белсене қатысып, үздік нәтиже көрсеткен үшін отбасылық топ ретінде 3-класс оқушысы Кадырхан Айдын ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./.
3-класс оқушысы Қиязбай Дария «Менің сүйікті жұмысым» атты облыстық қолданбалы өнер байқауына қатысып ІІІ орынға ие болды /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./.
Облыстық «Мен жасаған сыйлық» атты қолөнер байқауында «Кепкен дәндерден бұйым жасау» номинациясы бойынша 3-класс оқушысы Кадырхан Айдын бас жүлдені иеленді /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./ .
«Жаз себет» облыстық сәндік-қолданбалы өнер байқауында 6-класс оқушысы Сейілбекұлы Нұрдаулет ІІІ орын иеленді /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
«Жануарлар әлемі» облыстық қолданбалы өнер байқауында 3-класс оқушысы Кіндікбай Санжар /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./ және 7-класс оқушысы Смадияр Рауан /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./ ІІІ орын иегері атанды.
«Жаман індеттен сақ болайық» облыстық сурет байқауында 7-класс оқушысы Смадияр Рауан /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./ және 4-класс оқушысы Маратұлы Нұрдаулет /жетекшісі бастауыш класс мұғалімі Баймұратқызы Б./ ІІ орынға ие болды.
2020-2021 оқу жылында «Daryn Ecoart» сурет және көркем қолөнер бұйымдарының республикалық экологиялық байқауына қатысып, облыстық кезеңнен І орын алған оқушылар республикалық кезеңге жолдама алып бақтарын сынады, олар 5-класс оқушысы Назар Тамерлан, 7-класс оқушылары Бердібайұлы Данияр, Сейілбекұлы Нұрдаулет /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
«МАН» республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясына 10 оқушы қатысып, 8-і жүлделі орындарға ие болып, екеуі мақтау қағазымен марапатталды. Олар: 8-класс оқушысы Саржанова Жания «Биология» секциясы бойынша ІІІ орын /жетекшісі биология пәні мұғалімі Калданова Б.С./, 7-класс оқушысы Бердібайұлы Данияр «Физика» секциясы бойышна ІІІ орын /жетекшісі физика пәні мұғалімі Жумашева Г.С./, 7-класс оқушылары Ілияс Арман, Қуанов Мадияр «Орыс әдебиеті» секциясы бойынша І орын /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аймбетова Г.Ч./, 9-класс оқушысы Тұрған Фатима «Қазақ әдебиеті» секциясы бойынша ІІІ орын /жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ибраева Б.З./, 10-класс оқушысы Ршманова Зулфия «Құқық» секциясы бойынша ІІ орын /жетекшісі тарих пәні мұғалімі Курбаева Д.А./, 10-класс оқушысы Сейільбекова Аида «Тарих» секциясы бойынша ІІІ орын /жетекшісі тарих пәні мұғалімі Курбаева Д.А./, 11-класс оқушысы Ерімбет Ғалым «Информатика» секциясы бойынша ІІІ орын /жетекшісі информатика пәні мұғалімі Кобиланов Р.Ж./, 7-класс оқушысы Темірғалиұлы Ринат «Математика» секциясы бойынша ІІІ орын /жетекшісі математика пәні мұғалімі Мамбетова Р.Ж./ және 9-класс оқушысы Қажығали Аружан «Биология» секциясы бойынша мақтау қағазы /жетекшісі биология пәні мұғалімі Жангабулова Т.С./, 11-класс оқушысы Мирамбекұлы Жансерік «География» секциясы бойынша мақтау қағазы /жетекшісі география пәні мұғалімі Дуйсеналинов Е.М./.
««Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша ПҚБА институтының ұйымдастыруымен өткізілген «Сыбайлас жемқорлықсыз білім беру» тақырыбындағы облыстық суреттер байқауына 8-класс оқушысы Орынбасар Әділет қатысып, үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі І орынға ие болды /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Тіл білімі (орыс тілі)» секциясы бойынша қатысқан 11-класс оқушысы Мирамбекұлы Жансерік І орынға /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аймбетова Г.Ч./ және «Физика» секциясы бойынша қатысқан 9-класс оқушысы Жәкібаева Фариза ІІ орынға /жетекшісі физика пәнінің мұғалімі Жумашева Г.С./ ие болып республикалық кезеңге жолдама алды. «Информатика» секциясы бойынша қатысқан 11-класс оқушысы Ерімбет Ғалым мақтау қағазымен марапатталды /жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Кобиланов Р.Ж./.
5-6 класс оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде математика пәнінен 5-класс оқушысы Назар Тамерлан ІІІ орын /жетекшісі математика пәнінің мұғалімі Жумашева Г.С./, жаратылыстану пәнінен 5-класс оқушысы Орынбек Інжу ІІІ орын иегері атанды /жетекшісі жаратылыстану пәнінің мұғалімі Дуйсеналинов Е.М./.
«Education Qazaqstan» республикалық білім беру ұйымдары басшыларының ассоциациясы ұйымдастырған Қазақстан Республикасының 9-11 сыныптары оқушыларының арасында «Qazaqstan education science project - 2020» атты республикалық онлайн – конкурсында информатика пәнінен қатысқан 11-класс оқушысы Ерімбет Ғалым «Математика және информатика бойынша үздік жоба» номинациясымен жүлделі І орынға ие болды /жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Кобиланов Р.Ж./, Қазақстан тарихы пәнінен қатысқан 9-класс оқушысы Найзабекқызы Меруерт «Тарих және этномәдениеттану саласындағы үздік жоба» номинациясымен жүлделі І орын иегері атанды /жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Курбаева Д.А./, орыс тілі пәнінен қатысқан 11-класс оқушысы Мирамбекұлы Жансерік «Орыс тілі мен әдебиеті бойынша үздік жоба» номинациясымен жүлделі І орынға ие болды /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аймбетова Г.Ч./, биология пәнінен қатысқан 9-класс оқушысы Қажығали Аружан «Биология және химия бойынша үздік жоба» номинациясымен жүлделі ІІ орынға ие болды /жетекшісі биология пәнінің мұғалімі Жангабулова Т.С./ және химия пәнінен қатысқан 8-класс оқушысы Саржанова Жания «Биология және химия бойынша үздік жоба» номинациясымен «Гран при» атағына ие болды /жетекшісі химия пәнінің мұғалімі Калданова Б.С./.
Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен республикалық «Отбасы алтын ұя» атты байқауына 8-класс оқушысы Ожаев Аманбек қатысып, жүлделі І орынға ие болды/жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
Ауыл мектептерінің 5-6 класс оқушылары арасында өткізілген облыстық кешенді олимпиадасында информатика пәнінен 6 класс оқушылары Жақсылықов Сүндет, Сәлім Айымай жүлделі ІІІ орынға ие болды /жетекшісі информатика пәні мұғалімі Кобиланов Р/.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде құқық негіздері пәнінен 10 класс оқушысы Ршманова Зулфия жүлделі І орынға ие болды /жетекшісі тарих пәні мұғалімі Курбаева Д.А./.
«Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңінде 8 класс оқушысы Ерімбетов Нұрдәулет және 7 класс оқушысы Қуанов Мадияр жүлделі ІІІ орынға ие болды /жетекшісі көркем еңбек пәнінің мұғалімі Назаров С.А./.
«Тәуелсіз елдің ұланамыз» атты облыстық сурет байқауында мектепалды даярлық класының тәрбиеленушісі Орынбеков Мансур жүлделі ІІІ орын иегері атанды /жетекшісі мектепалды даярлық класының тәрбиешісі Мадиева А.Н./.
«Ұлы жеңіске тарту» облыстық мәнерлеп оқу байқауына қатысқан мектепалды даярлық класының тәрбиеленушісі Жақсылықова Жанерке ІІІ орынға ие болды /жетекшісі мектепалды даярлық класының тәрбиешісі Мадиева А.Н./.
Облыстық «Желбірей бер, жеңіс туы, мәңгілік!» мәнерлеп оқу шарасына қатысқан мектепалды даярлық класының тәрбиеленушісі Жақсылықова Жанерке /жетекшісі мектепалды даярлық класының тәрбиешісі Мадиева А.Н./, 10 класс оқушысы Заирова Назерке /жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Каласова У.Ж./, 4 класс оқушылары Жақсылықова Еркеназ, Талғатбекқызы Шынбақыт, Кадырхан Айдын /жетекшілері бастауыш класс мұғалімі Үбаева Г.Т./ Алғыс хаттармен марапатталды.
2021-2022 оқу жылында облыстық деңгейдегі алғашқы жетістіктермен кішкентай зерттеушілер қуантты. «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 5 класс оқушысы Сәдуақас Нұрсая «Орыс әдебиеті» бағыты бойынша өз зерттеу жұмысын қорғап ІІІ орынға ие болды /жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аймбетова Г.Ч./ және 6 класс оқушысы Назар Тамерлан «Информатика» бағыты бойынша қатысып жүлделі ІІ орынға ие болды /жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Кобиланов Р.Ж./.
Бұл оқушылар жеткен жетістіктердің бір бөлшегі ғана. Осындай қарқынмен нәтижелі табыстарға жететін тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын, сапалы біліммен сусындаған шәкірт тәрбиелеуді басты мақсат еткен мектеп ұстаздары өз жұмысын жалғастыруда.
05 қараша 2021 жыл